Атымтай жомарт

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Жомарт Атымтай Шығыстың көптеген халықтары фольклорында кездесетін кейіпкер, өзінің қайырымдылығы мен жомарттығына сай аты жайылған, халық жадында құрметпен әспеттелетін адам.


6 ғ-да өмір сүрген деген жорамал бар. Түп-төркіні Тай тайпасының ақыны Хатим ибн Абдаллахқа (Хатим-Тай) саяды. Атымтай Жомарт туралы шығармалар ерте кезден белгілі. Олар сюжеттік, жанрлық сипатына қарай үш топқа бөлінеді:

1-топтағы шығармалар хикаяттық сипатта баяндалады. Онда Атымтай Жомарттың өмірі әңгімеленеді, оның жомарт болу себептері баяндалады.

2-топтағы шығармалар — таза қиял-ғажайып ертегілері. Олардың сюжеті бір-бірімен үндес. Мұнда Атымтай Жомарт — асқан бай, таусылмас қазынаның иесі. Оның жомарт болуы осыдан.

3-топтағы шығармалар — тұрмыс-салт ертегілері. Бұларда Атымтай Жомарт — келген қонаққа берер асы жоқ, тақыр кедей. Сонда да жомарт болып бейнеленеді. Адамға деген қайырымдылық, сүйіспеншілік — оның ең басты қасиеті екені ашыла түседі. Атымтай Жомарт туралы аңыз-ертегілер негізінен “Мың бір түннен” бастау алады. Қазақ тіліне аударылып, бірнеше мәрте басылған “Мың бір түн” оқиғалары қазақ оқырмандары арасына кеңінен тараған.[1]


Е.Сарымбаевтың аударып, толықтыруымен жарық көрген “Хикаят дастан Хатым-тайы” (1891; 1892; 1913; көлемі 88 бет) , Атымтай Жомарт аңыз-ертегісінің ішіндегі ең көлемдісі болып табылады. Қ.Шахмарданұлы жазған “Қисса-и Хатымтай — Жомарт” (1897; 1898; көлемі 8 бет), Ш.Жәңгіровтың айтуындағы ертегі жобасы (1914; көлемі 32 бет) баспа бетін көрген туындылар.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2
  2. “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6