Нирджа Бханот

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Нирджа Бханот

Нирджа Бханот (хинди नीरजा भनोट; 7 қыркүйек 1963 — 5 қыркүйек 1986) – Pan American World Airways (Мумбай қаласының бөлімшесі, Үндістан), әуе компаниясының стюардессасы. 1986 жылы 5 қыркүйекте Pan Am компаниясының 73 рейсінің жолаушыларын құтқару кезінде ұшақты басып алған террористтер қолынан қаза тапқан. Үндістанда бейбіт уақытта көрсеткен ерлігі үшін берілетін жоғарғы дәрежелі «Ашока Чакра» орденімен марапатталған ең жас адам болып тіркелді (қаза болғаннан кейін марапатталды).[1]

Нирджа Бханот 1963 жылы 7 қыркүйекте Чандигархта туған. Оның әкесі Мумбайлық журналист Хариша, шешесі Рама Бханот еді.

Нирджа Қасиетті Жүрек орта мектебін бітірді. Содан кейін Мумбайда оқыды. Бір уақыттарда модель болып та істеді. Ол он алты жасында таныла бастады. Сол уақытта ол көптеген танымал брендтердің таныстырушысы болды.[2]

1985 жылы наурызда Нирджа ата-анасының уағдасымен тұрмысқа шығып, күйеуімен бірге Катарға кетті. Бірақ күйеуі артынан барған жасауына риза болмай екі айдан кейін оны қоя берген. Сәтсіз некеден соң Нирджа Бханот Pan American компаниясында стюардесса боп жұмыс істеуге шешім жасайды және алдын ала іріктеуден сәтті өтіп, аға бортсерік біліктілігін алады.

Бханот «PA 73» рейсінде аға бортсерік болды. Мумбай қаласынан ұшып шыққан ұшақ таңғы 05:00-те Пәкістандық Карачи қаласына қонады. Сол кезде қаруланған төрт террорист жолаушылар мен экипажды кепілге алады. «PA 73» одан әрі Франкфурт, сосын Нью-Йоркке қарай ұшуы тиіс болатын. Ұшақ кабинасында экипаждың үш мүшесі: ұшқыш, екінші ұшқыш және бортинженер болды. Бханот оларға ұшақтың басып алынғанын уақытында хабарлап үлгерді де, олар ұшақтың ұшақжай алдындағы бетондалған алаңда тұрған жерінде секіріп, қашып үлгіреді. Нирджа Бханот қалған экипаж мүшелері арасындағы шені бойынша үлкені болып қалғандықтан, ұшақта пәрмен беруді өз мойнына алады.

Ұшақты басып алған террористер Ливия билігінен қолдау алатын Әбу Нидаль террористік ұйымының мүшелері еді. Алдымен олар өздерін америкалықпыз деп атаған жолаушыларды атып тастады. Содан кейін АҚШ азаматтарын анықтау үшін террористер Нирджа Бханотқа барлық жолаушылардың төлқұжаттарын жинап беруге бұйрық берді. Бханот пен оған бағынышты қызметкерлер АҚШ-тың 19 төлқұжатын жасырып қалды (18 жолаушы мен экипаждың бір мүшесі).

17 сағат өткеннен кейін террористер зарядтарды жарып, ата бастады. Нирджа Бханот апаттық есікті ашып, көп жолаушылардың ұшақтан шығып, қашып кетуіне көмектеседі. Артына ол атылған оқтан үш баланы қорғау үшін өз кеудесін оққа тосып мерт болады.

Нирджа құтқарған сол үш баланың біреуі қазір бір ұшақта бас ұшқыш болып отыр.[3] Ол барлығы 360 адамды құтқарған.

Нирджа Бханоттың екі бауыры өмір сүріп жатыр — Ахил (Akhil) мен Аниш (Aneesh).

Әкесі Хариш Бханот, «Hindustan Times» газетінде 30 жылдан артық еңбек етіп, 2008 жылы 1 қаңтарда 86 жасында Чандигархта қайтыс болды.[4]

Құрметтелуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Нирджи Бханоттың ерлігі халықаралық дәрежеде танылды. Үндістанда ол қаза тапқаннан соң бейбіт күндегі ерлігі мен батырлығы үшін берілетін Үндістанның ең жоғарғы дәрежелі «Ашока Чакра» орденімен марапатталып және осы орден тарихындағы ең жас иегері атанды.[5]

Оның бәлеге ұшыраған ұшақтағы жолаушыларға көрсеткен жанқиярлығы адамгершілік қасиеттің мәңгілік көрсеткіші боп қала бермек.[6][7]

2004 жылы Үндістан поштасы оның құрметіне орай пошта маркасын шығарды. Нирджа Бханоттың ата-анасы «Pan American» компаниясынан сақтандыру төлемі мен өтемақы алды және қаза тапқан қыздарының атына «Neerja Bhanot Pan Am Trust» қайырымдылық сенім қорын ұйымдастырды.

Бұл сенім қоры әр жыл сайын 1,5 млн рупийден екі сыйақы – бірі қиын жағдайда өзінің борышын айбынды атқарғаны үшін ұшақтың экипаж мүшесіне, екіншісі – берілген жасауы үшін ауыр айыпқа ұшырап, күйеуі тастап кеткен немесе қоғамдық әділетсіздікке кезіккен, кейін осы қасіретке душар болған басқа әйелдерге көмек көрсеткен – үнді әйеліне берілуді міндеттейді. Ақшалай сыйақыдан басқа, лауреатқа естелік белгі де беріледі, оның есімі жеңімпаздар тізімге енгізіледі.[8][9]

2005 жылы Нирджа Бханот америкалық «Justice for Crimes Award» сыйлығына лайықты деп саналды. Нирджаның бауыры Аниш Вашингтонға, жыл сайын өтетін «Қылмыстық құқық аптасы» (ағл. Annual Crime Rights Week) шеңберінде марапатты алу үшін Колумбия округінің прокурорының кеңсесіне келді.[10]

2006 жылы АҚШ-тың Әділет Департаменті Нирджа Бханотты және «PA 73» рейсінің тағы бір бортсерігін, онымен қоса «Pan American»-ның пәкістандық бөлімінің ұшу жөніндегі директорын «Ерекше ерлігі үшін марапатына» (англ. Special Courage award) лайық деп санады.[11]

2016 жылы экранға Нирджа Бханоттың соңғы рейсін баяндаушы үндістандық «Нирджа» драмалық фильмі шықты.[12]

Марапатталуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Ашока Чакра» ордені, Үндістан.
  2. «Батырлығы үшін» марапаты, «Ұшу қауіпсіздігі фонды» (ағыл. Flight Safety Foundation) АҚШ.
  3. «Тамгха-е-Инсааният» (Адамгершіліктің үлгісін танытқаны үшін), Пәкістан.
  4. «Justice for Crimes Award», АҚШ.
  5. «Ерекше ерлігі үшін марапаты», АҚШ.
  6. Үндістанның азаматтық авиация Министрлігінің марапаты.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]