Химиялық лаборатория

Химиялық лаборатория, химиялық зертхана — химиялық тәжірибелер мен зерттеулер жүргізуге арналған, арнайы жабдықталған бөлме. Химиялық лаборатория қолдану мақсатына қарай оқу, ғылыми-зерттеу, зауыттық, бақылау лабораториялары болып бөлінеді. Оқу лабораторияларында оқушылар теоритикалық білімдерін толықтырып, химиялық жабдықтар мен қондырғыларда жұмыс істеуге үйренеді. Ғылыми-зерттеу лабораторияларында ғылыми мәселелерді шешу мақсатында әр түрлі тәжірибелер жүргізіледі. Зауыт лабораторияларында өндіріске қажетті шикізаттар мен одан шығатын өнімдердің сапасы қадағаланады. Бақылау лабораторияларында қондырғылар, технологиялық сұлбалардың жұмыс істеуі, тиімділігі, т.б. тексеріледі. Химиялық лаборатория жұмыстарды жүргізу әдістеріне қарай аналитикалық, анорганикалық, физикалық, коллоидты химиялық, электрхимиялық, т.б. болып бөлінеді. Химиялық лаборатория мүмкіндігінше кең, терезелері үлкен, таза, жарық болуы және жарық жұмыс істеушінің сол немесе алдыңғы жағынан түсіп тұруы керек. Онда өрт сөндіргіш құралдар мен алғашқы дәрігерлік көмек көрсету жабдықтары болуы шарт. Лабораториялардағы приборлар мен ерітінділер бүлінбес үшін ол атмосферасы газ, шаң-тозаңдармен ластайтын өнеркәсіп орындарынан алшақ салынады. Химиялық лаборатория столының беті линолеум, пластик немесе асбовинилді плиталармен қапталады. Столдарының шкафтары мен тартпаларында лабораториялық жұмысқа қажет химиялық ыдыстар, приборлар, реактивтер сақталады. Жиі пайдаланылатын реактивтер сөрелерге қойылады. Столдың ұзындығы 1,5 — 3 м, жанында биік орындық, тәжірибелер қорытындыларын жазатын жазу орны болады. Химиялық лаборатория ауасын таза ұстау үшін желдеткіш, тез ұшатын, агрессивті (сұйық бром, концентрациялы азот, күкірт қышқылдары) тез тұтанатын (күкіртті көміртек, эфир, бензол, т.б.) заттармен жұмыс істеуге арналған тартпалы шкафы болады. Химиялық тәжірибелерде көбінесе дистилденген су қолданылады, сондықтан Химиялық лабораторияда суды дистилдейтін қондырғылар орналастырылады. Аналитикалық таразы, оптикалық нәзік приборлар Химиялық лабораторияның қасындағы жеке бөлмелерде сақталады.

Сілтемелер

өңдеу

"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том