Күймесгүл (Dіctamnus) – руталар тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік. Дүние жүзінде Жерорта т. жағалауларынан Қиыр Шығысқа дейінгі аралықта кездесетін 6 түрі белгілі. Қазақстанның далалы шалғындықтарында, бұталардың арасында және тау етектерінің бұталы беткейлерінде өседі. Орманның ашық алаңы мен таудың ортаңғы белдеулерінде көбірек кездеседі. Балқаш – Алакөл қазаншұңқыры, Мойынқұм өңірінде (Жамбыл облысы), Жетісу (Жоңғар), Күнгей Алатауларында, Шу-Іле тауларында шашыранды таралған 1 түрі – таспажапырақ К-і (D. angustіfolіus) бар. Оның биікт. 50 – 100 см. Сабағы бұтақты, қалың, ұзын түкті. Сабағының түп жағындағы жапырақтарының тақтасы салаланбаған бүтін, сабақ ұшына жақындаған сайын тақ қауырсынды жапырақшалардан тұрады. Гүлі қос жынысты, 5 тостағаншасы күлгін қызғылт түсті, 5 күлтесі, 10 аталық, 5 ұялы бір аналығы болады. Мамырдан шілдеге дейін гүлдеп, шілде – тамыз айларында жемістенеді. Жемісі – бес ұялы қауашақ. Әр ұясында 2 – 3-тен қара, жылтыр тұқымы бар. К. – өте улы өсімдік, жағымсыз иісті болғандықтан мал да жемейді. Егер жаңбырлы күндері гүлін бұтағымен жұлып алса, денеге тиген жерін (өсімдіктің ұлпасынан бөлінетін – диктамнотоксин заты) күйдіріп жібереді. Жазылған күнде де орны қара дақ болып көпке дейін сақталады. Өсімдіктің құрамында эфир майы өте көп. Егер өсімдік отқа жағылса жалын өшкеннен кейін өсімдік сабағының өртенбегенін байқауға болады. Себебі, жалын беретін тек қана эфир майы. Осы ерекшелігіне қарай күймесгүл аталған.‎

Dictamnus
Dictamnus albus in flower
Dictamnus albus in flower
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Өсімдіктер
(unranked) Eudicots
(unranked) Rosids
Сабы: Sapindales
Тұқымдасы: Rutaceae
Тегі: Dictamnus
Түрі: D. albus
Екі-есімді атауы
Dictamnus albus
L.
Синонимдері
  • Dictamnus fraxinella Pers.[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Synonym in Anthos.es