Координаттар: 22°23′00″ с. е. 102°02′00″ б. б. / 22.38333° с. е. 102.03333° б. б. / 22.38333; -102.03333 (G) (O) (Я)

Мексика (ис. México [ˈmexiko]), ресми — Мексикалық Біріккен Штаттары (ис. Estados Unidos Mexicanos) — Солтүстік Американың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Америка Құрама Штаттарымен, Оңтүстік-шығысында Гватемала және Белизбен шектеседі. Батысы мен оңтүстігі Тынық мұхитының, шығысы Атлант мұхитының жағалауларын алып жатыр.

  • Жер аумағы 1958,2 мың шаршы километр.
  • Халқы 130 698 727 адам.
  • Ұлттық құрамы метистер (испандар мен үндістердің некесінен тарағандар) (78%), үндістер (15%) және еуропалықтардан (7%) тұрады.
  • Астанасы — Мехико қаласы
  • Ресми тілі — испан тілі.
  • Халқының басым бөлігі — христиан-католиктер.
  • Мексика — федеративтік республика. 1917 жылы 5 ақпанда қабылданған Конституциясы бойынша мемлекет басшысы — президент. Президентті халық 6 жыл мерзімге сайлайды. Жоғары заң шығарушы органы: Сенат (6 жыл мерзімге сайланады) пен Депутаттар палатасынан (3 жыл мерзімге сайланады) құралатын ұлттық конгресс. Жоғары атқарушы органы — Министр Кабинеті ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні — 16 қыркүйек (1810). Әкімшілік жағынан 31 штат пен федералдық астаналық округке бөлінеді. Біріккен Ұлттар Ұйымына (1945), Америка мемлекеттері ұйымына (АМҰ) (1948) мүше. Валютасы - Мексика песосы.
Мексикалық Біріккен Штаттары
ис. Estados Unidos Mexicanos
Байрақ Елтаңба
Әнұран: «Himno Nacional Mexicano» (тыңдау )
Тарихы
Тәуелсіздік күні 16 қыркүйек 1810 жыл (Испаниядан)
Мемлекеттік құрылымы
Ресми тілі испан тілі (де-факто), Мексиканың байырғы халқының 68 тілі (де-юре)
Елорда Мехико
Ірі қалалары Мехико, Экатепек-де-Морелос, Гвадалахара, Пуэбла, Сьюдад-Хуарес
Үкімет түрі Федеративті президенттік республика
Президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор
Географиясы
Жер аумағы
• Барлығы
• % су беті
Әлем бойынша 13-ші орын
1 972 550 км²
2,5
Жұрты
• Сарап (2019)
Тығыздығы

126 577 691[1] адам (10-шы)
61 адам/км² (142-ші)
Экономикасы
ЖІӨ (АҚТ)
 • Қорытынды (2018)
 • Жан басына шаққанда

2,575 трлн.[2] $ (11-ші)
20,645[2] $ (64-ші)
ЖІӨ (номинал)
 • Қорытынды (2018)
 • Жан басына шаққанда

1,199 трлн.[2] $ (16-шы)
9,614[2] $ (69-шы)
АДИ (2017) 0,774[3] (жоғары) (74-ші)
Валютасы Мексика песосы (MXN, код 103)
Қосымша мәліметтер
Интернет үйшігі .mx
ISO коды MX
ХОК коды MEX
Телефон коды +52
Уақыт белдеулері -6…-8

Тарихы

өңдеу
 

Мексика жерін адамдар тас дәуірінен мекендей бастаған. Шамамен б.з.б. 3-мыңжылдықтың ортасынан бастап Орталық және Оңтүстік Мексикадағы тайпалар отырықшылыққа көшті, егіншілік, қол өнері, өнер, дін дамыды.

Б.з. бастапқы кезеңінде Орталық Американың солтүстік-батыс бөлігіне майя тайпалары қоныстанды (қара Майя мемлекеті).

15 ғасырда бүкіл орталық Мексиканы өздеріне бағындырған ацтектер Теночтитлан қаласының (қазіргі Мехико) негізін қалады.

1519 жылы Э.Кортес бастаған испан отаршылары Мексикаға ішкерілей еніп, басқыншылық соғыс жүргізе бастады. Куаутемок басшылық еткен үндістер басқыншыларға қарсы табанды қарсылық көрсетті, бірақ 1521 жылы испандар Теночтитланды басып алды. 16 ғасырдың соңына қарай испандар Мексика жерін негізінен бағындырып болды. Байырғы халықтар жерлерінен айырылып, ауыр қанауға, аштыққа ұшырады. 25 миллионға жуық үндістердің 1605 жылы 1 миллионнан астамы ғана қалды.

1624, 1692 жылы Мехикода, 1660 жылы Оахакиде, 1761 жылы Юкатанда, 1767 жылы Мичоаканда үндістердің испан үстемдігіне қарсы ірі көтерілістері болды. Мексиканы отарлау барысында түрлі этникалық топтардың (еуропалықтар, үндістер, Африкадан әкелінген құл-негрлер) араласуы нәтижесінде 17 — 18 ғасырларда халықтың ортақ тілі мен діні қалыптасты. Отаршыларға қарсы жиі-жиі азаттық қозғалысы болып тұрды. 1810 жылы 16 қаңтарда діни қызметкер М.Идальго мен оның ізбасары Х.М. Морелос бастаған халық көтерілісі болды. Бірақ көтерілісшілер жеңіліске ұшырап, басшылары өлтірілді.

Көтерілістің нәтижесінде А.Итурбиде басқарған ұлт-азаттық күштер 1821 жылы 28 қыркүйекте Мехиконы азат етіп, Мексиканың тәуелсіздігі жарияланды. Бірақ елде азамат соғысы басталды. 1824 жылы қазан айында конгресс конституция қабылдап, Мексиканы республика деп жариялады. 1833 жылы өкімет басына келген А.Санта-Ана конституцияға тыйым салып, елде диктатура орнатты.

19 ғасырдың 20-жылдарынан бастап Америка Құрама Штаттары Техасты отарлауға кірісті. 1846 жылы Америка Құрама Штаттары Мексикаға қарсы соғыс жариялады. Мексика жеңіліске ұшырап, өз жерінің жартысынан көбінен айырылып қалды.

1855 жылы Санта-Ана диктатурасы құлап, либералдық үкімет билікке келді. 1857 жылы жаңа конституция қабылданды.

19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың бас кезінде ел экономикасы дамыған елдерден көп артта қалды. Экономиканы негізінен шетел капиталы биледі. 1910 — 17 жылы төңкеріс нәтижесінде елде демократиялық өзгерістер болды. 2-дүниежүзілік соғыс барысында Мексика үкіметі бейтарап саясат ұстанатындығын мәлімдеді. Бірақ фашистік қауіптің күшеюіне байланысты, 1942 жылы мамырда антигитлерлік коалицияның құрамына енді. Соғыстан кейінгі кезеңде Мексикада экономиканы дамыту мен демократиялық бостандықтар, әлеуметтік құқықтарды кеңейту жолында бірқатар прогресшіл шаралар жүзеге асырылды.

Географиясы мен климаты

өңдеу
 
Мексика, ғарыштан түсірілген сурет

Солтүстік Америкада құрлығының оңтүстігінде орналасқан Мексика, Орта Америка мемлекеттерінің ішінде ең үлкен аумақты алатын ел. Юкатан жартыаралы Мексика жерлерінің 12 %-ын құрайды. Мексика Юкатан жартыаралымен бірге Теуантепек қылтасының шығыс жағында орналасқан. Солтүстік жағында АҚШ-пен шекараласады. Шекара ұзандағы 3141 км. Оңтүстік жағында Гватемала (871 км) мен Белиз (251 км) орналасқан.

Аумағы бойынша Мексика бүкіл елдердің арасында 13-ші орын алады. Мексиканың жалпы аумағы 1 972 550 км², оның ішіне Тынық мұхитында, Мексика шығанағында және Кариб теңізінде орналасқан аралдар (ең ірі Гваделупа аралы) және Ревилья-Хихедо архипелагы кіреді. Жалпы аралдардың ауданы 6 мың км²-ге тең.

Мексика шығанағы (Gulf of Mexіco; Golfo de Méxіco)

өңдеу

Солтүстік Американың оңтүстік-шығыс (Атлант мұхиты) жағалауындағы Флорида және Юкатан түбектері мен Куба аралының аралығындағы шағын теңіз. Ауданы 1555 мың километр квадрат, суының көл. 2332 мың километр куб. Миссисипи, Рио-Гранде тағы басқа өзендері құяды. Шығыста Флорида бұғазы арқылы Атлант мұхитымен, оңтүстігінде Юкатан бұғазы арқылы Кариб теңізімен жалғасады. Тереңдігі 3822 метр. Солтүстік-батыс бөлігінде мұнайы мол кен орындары кездеседі. Климаты оңтүстігінде тропиктік, солтүстігінде субтропиктік. Су айдынынан булану мөлшері (1000 — 1750 миллиметр), бұл жауын-шашын мөлшерінен артық (1000 — 1200 миллиметр). Жаз бен күзде дауыл жиі соғады. Су бетінің орташа температурасы жазда 29°С, тайыз бөлігінде 30 — 31°С; қыста 18 — 20°С. Беткі қабатының тұздығы 36,0 — 36,9‰. 2000 метр тереңдіктен астам жерлерінде суының температурасы (4,3°С) мен тұздығы (34,98‰) тұрақты. Кариб теңізіне қарай ағатын Юкатан ағысының жылдамдығы 50 — 200 сантиметр/секунд. Мексика шығанағынан ағып шығып Гольфстрим ағысының бастамасы болатын Флорида ағысының жылдамдығы 300 сантиметр/секундқа жетеді. Тәулігіне бір, кейде екі рет толысып отырады. Планктон Балық және теңіз жәндіктері, шаян, тасбақа ауланады. Негізгі порттары: Жаңа Орлеан (Америка Құрама Штаттары), Хьюстон (Америка Құрама Штаттары), Веракрус (Мексика), Гавана (Куба).[4]

Әкімшілік бөлінуі

өңдеу

Мексика 31 штатқа (ис. estados) және 1 федералдық аймаққа (ис. Distrito Federal) бөлінген. Штаттар муниципалитеттерден (ис. municipios) құралады. Әр штатта өзінің қабылдаған заңдары, заң жүйесі, басшалағы бар.

Мексиканың әкіімшілік бөлінуі
 
Федералдық аймақ Әкімшілік орталығы Аумағы,[5]
км²
Халқы,[6]
(2010)
Тығыздығы,
адам/км²
0 Мехико (Федералды аймақ) (Distrito Federal) Мехико (México) 1499 8 851 080 5904,66
1 Агуаскалиентес (Aguascalientes) Агуаскалиентес (Aguascalientes) 5589 1 184 996 212,02
2 Веракрус (Veracruz) Халапа-Энрикес (Xalapa-Enríquez) 72 815 7 643 194 104,97
3 Герреро (Guerrero) Чильпансинго (Chilpancingo de los Bravo) 63 749 3 388 768 53,16
4 Гуанахуато (Guanajuato) Гуанахуато (Guanajuato) 30 589 5 486 372 179,36
5 Дуранго (Durango) Виктория-де-Дуранго (Durango) 119 648 1 632 934 13,65
6 Идальго (Hidalgo) Пачука (Pachuca) 20 987 2 665 018 126,98
7 Кампече (Campeche) Сан-Франсиско-де-Кампече
(San Francisco de Campeche)
51 833 822 441 15,87
8 Керетаро (Querétaro) Керетаро (Querétaro) 11 769 1 827 937 155,32
9 Кинтана-Роо (Quintana Roo) Четумаль (Chetumal) 50 350 1 325 578 26,33
10 Коауила (Coahuila) Сальтильо (Saltillo) 151 571 2 748 391 18,13
11 Колима (Colima) Колима (Colima) 5455 650 555 119,26
12 Мехико (штат) (México) Толука-де-Лердо (Toluca) 21 461 15 175 862 707,14
13 Мичоакан (Michoacán) Морелия (Morelia) 59 864 4 351 037 72,68
14 Морелос (Morelos) Куэрнавака (Cuernavaca) 4941 1 777 227 359,69
15 Наярит (Nayarit) Тепик (Tepic) 27 621 1 084 979 39,28
16 Нижняя Калифорния (Baja California) Мехикали (Mexicali) 70 113 3 155 070 45,00
17 Южная Нижняя Калифорния (Baja California Sur) Ла-Пас (La Paz) 73 677 637 026 8,65
18 Нуэво-Леон (Nuevo León) Монтеррей (Monterrey) 64 555 4 653 458 72,09
19 Оахака (Oaxaca) Оахака (Oaxaca) 95 364 3 801 962 39,87
20 Пуэбла (Puebla) Пуэбла-де-Сарагоса (Puebla) 33 919 5 779 829 170,40
21 Сакатекас(Zacatecas) Сакатекас (Zacatecas) 75 040 1 490 668 19,86
22 Сан-Луис-Потоси (San Luis Potosí) Сан-Луис-Потоси (San Luis Potosí) 62 848 2 585 518 41,14
23 Синалоа (Sinaloa) Кульякан (Culiacán) 58 092 2 767 761 47,64
24 Сонора (Sonora) Эрмосильо (Hermosillo) 184 934 2 662 480 14,40
25 Табаско (Tabasco) Вильяэрмоса (Villahermosa) 24 661 2 238 603 90,78
26 Тамаулипас (Tamaulipas) Сьюдад-Виктория (Ciudad Victoria) 79 829 3 268 554 40,94
27 Тласкала (Tlaxcala) Тласкала (Tlaxcala) 3914 1 169 936 298,91
28 Халиско (Jalisco) Гвадалахара (Guadalajara) 80 137 7 350 680 91,73
29 Чиуауа (Chihuahua) Чиуауа (Chihuahua) 247 087 3 406 465 13,79
30 Чьяпас (Chiapas) Тустла-Гутьеррес (Tuxtla Gutiérrez) 73 887 4 796 580 64,92
31 Юкатан (Yucatán) Мерида (Mérida) 39 340 1 955 577 49,71
<fhks5s 1 967 138 112 336 538 57,11

Табиғаты

өңдеу

Мексиканың көпшілік бөлігін Мексика таулы қыраты алып жатыр. Солтүстік-батысында таулы Калифорния түбегі, оңтүстігінде — Чьяпас және Оңтүстік Сьерра-Мадре тау тізбектері, оңтүстік-шығысында ойпатты Юкатан түбегі орналасқан. Мексиканың ең биік жері — Орисабо вулкан шоқысы (5700 метр). Жер қойнауынан түсті металдар (мыс, қорғасын, мырыш, күміс, сынап, сурьма, қалайы, вольфрам, алтын, тағы басқа) мен мұнай, газ, тас көмір, темір, уран өндіріледі. Мексиканың көпшілік бөлігінде тропиктік, солтүстігінде субтропиктік климат белгілері басым. Қаңтардағы орташа температурасы 10 — 20°С-қа дейін жетеді. Шілдедегі орташа температура 15— 30°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері солтүстігінде 100 миллиметр батыс пен оңтүстігінде 3000 миллиметрге дейін жетеді. Негізгі ірі өзені — Рио-Браво-дель-Норте, ең үлкен көлі — Чапала. Өсімдіктердің 12 мыңға жуық түрлері кездеседі. Шөл және шөлейттік, оңтүстік мен оңтүстік-шығысында тропиктік, солтүстігінде аралас ормандар өседі. Жануарлар дүниесінен аю, қасқыр (койот), жанат, қызыл сілеусін, құмырсқа жегіш, тапир мен ягуар кездеседі. Негізгі ұлттық қорықтары: Каньон-дель-Рио-Бланко, Кумбресс-де-Монтеррей, Танситаро, Ла-Малинче.

Экономикасы

өңдеу

Мексика — Латын Америкасындағы экономикасы дамыған елдердің бірі. Өнеркәсібінің маңызды салалары мұнай өңдеу, мұнай химиясы мен түсті металлургия. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін кәсіпорындар да жақсы дамыған. Мексика мырыш, қорғасын, күкірт, сынап өндіру жөнінен дүниежүзінде алдыңғы ондыққа енеді. Басты ауыл шаруашылық дақылдары жүгері, бидай, күріш, мақта, қант құрағы, кофе, агава, көкөніс, цитрус жемістері, тағы басқа сиыр, қой өсіру дамыған. Экспортының негізін мұнай мен мұнай өнімдері, шикізаттар, түсті металдар, күміс, электр, Ауыл шаруашылық тауарлары, мақта, кофе және балық құрайды. Сырттан машиналар мен құрал-жабдықтар, темір, химия өнеркәсібінің өнімдерін, телебайланыс аспаптарын, электроника сатып алады. өлттық жалпы өнімнің жан басына шаққандағы мөлшері 8120 Америка Құрама Штаттары долларына (1997) тең. Негізгі сауда серіктестері — Америка Құрама Штаттары, Канада, Жапония, Франция мен Бразилия.

Мексикалықтар

өңдеу

Мехикано — Мексиканың негізгі халқы. Жалпы саны 91 миллион, оның 78 миллиондайы Мексикада, 12 миллионы Америка Құрама Штаттарында, 25 мыңы Канадада, шағын бөлігі Латын Америкасы мен Испанияда тұрады. Негізінен — метистер. Мексика ұлты еуропалықтар (испандар), үндістер (ацтектер, майялар, отомилер, миштектер, сапотектер, тағы басқа) мен Африкадан әкелінген негр құлдардың араласуынан пайда болған. 19 ғасырда Мексика мемлекетінің тәуелсіздік алуы негізінде қалыптасқан. Испан тілінде сөйлейді. Діні — католик. Негізгі кәсіптері — жүгері, бұршақ, күріш, бидай, мақта, қант қамысы, кофе өсіру, мал ш. (сиыр, қой, шошқа). Мексикалықтардың көпшілігі өндірісте жұмыс істейді. Бір-біріне алшақ орналасқан ауылдар (альдеа) мен хуторларда (ранчерия) қауымдастықтың орталығы (пуэбло) тұрады. Орталыққа шіркеу, тоғай, құдық, фонтан, ауылдық басқару үйі, мектеп орналасқан алаң енеді. Үйлері саз балшықтан, шикі кірпіштерден, тастан, ағаштан салынады. Дәстүрлі тұрғын үйлері көбінесе бір бөлмелі, терезесіз келеді. Әшекейленіп безендірілген ішкі ауласы кең болады. Дәстүрлі киімдері испан мен үндіс халықтарының киім үлгілеріне ұқсас. Аяқтарына үндіс халқы киетін ашық сандал, ер адамдар мақта матадан тігілген жейде, шалбар киеді. Иықтарына ою-өрнекті жамылғы (серапе) жамылады. Бас киімдері — сомбреро. Әйел киімдері: мақта матадан тігілген қысқа кеудеше және тар, кейде белінен жиырылып, кең тігілген ұзын юбка. Бастарына шәлі (ребосо) тартады, оны күн ыстықта бетіне жауып жүреді. Тағамдарына ас бұршақ пен жүгеріні көп қолданады. Малды аудандарда сүт тағамдары басым. Мексикалықтарда ән мен би өнері жақсы дамыған. Атақты корридос-лирикадық және саяси мазмұнды өлеңдер, халықтық шекті аспаптар оркестрі — марьячи кең тараған. Мекcика соғысы, америка-мексика соғысы (1846 — 1848), Америка Құрама Штаттары мен Мексика арасында Техас және Калифорния штаттары үшін болған. Соғысты ресми түрде Америка Құрама Штаттары жариялады. Соғыс барысында Мексика халқы басқыншыларға қарсы ерлікпен қарсылық көрсетті. Бірақ Мексика жеңіліске ұшырап, өз жерінің жартысынан көбінен (Рио-Гранде өз-нен солтүстікке қарай жатқан жерлер) айырылуға мәжбүр болды.

Мексика таулы қыраты

өңдеу
 
Шығыс Сьерра-Мадре

Солтүстік Американың оңтүстігіндегі Мексика жерінің көпшілік бөлігін алып жатқан таулы өңір. Солтүстігінде біртіндеп Колорадо үстірті мен өлы жазыққа ұласады. Ауданы 1,2 миллион километр квадрат. Көпшілік бөлігінің биіктігі 1000 — 2000 метр. Мекика таулы қыратының шығысында Шығыс Сьерра-Мадре (4054 метр), батысында Батыс Сьерра-Мадре (3150 метр), оңтүстігінде көлденең Жанартаулық Сьерра жоталарымен қоршалған. Сөнбеген жанартаулар — Орисаба (5700 метр — Мекика тауының және Мексиканың ең биік жері), Колима, Попокатепетль. Мекика таулы қыраты негізінен әктас, құмтас, мергель және лавалық тұнбалардан құралған. Күміс, қорғасын, сүрме, мырыш, сынап, темір және марганец кентастары, алтын, мыс, тағы басқа пайдалы қазбалар өндіріледі. Климаты негізінен тропиктік, континентті. Жылдық орташа температурасы қаңтарда 1400 метр биіктікке дейін 9 — 140С, негізінен қыста солтүстігінен солтүстік суық ағыстың өтуіне байланысты мұнда температура – 200С-қа төмендейді, ал шілдеде 15 — 200С. Жылдық жауын-шашын мөлшері солтүстігінде 200 — 400 миллиметр, сыртқы таулы аудандарында 2000 — 3000 миллиметр. Құрғақ климатты солтүстік бөлігінде өзен торы жоқтың қасы (тек Рио-Гранденің оң саласы Кончос өтеді). Оңтүстігінде өзендер біршама жиі, суы мол (Лерма, Бальсас); мұнда тектоникалық көлдер (Чапала, Куицео, тағы басқа) кездеседі. Өсімдік дүниесі негізінен суккулентті; кактустың 500, агаваның 140 түрі өседі. Тауларда қарағайлы ормандар мен субальпілік шалғындар бар. Жануарлардан бұғы, кемірушілерден тиін, егеуқұйрық, жыртқыштардан сілеусін, пума, қасқыр, түлкі; құстардың, қосмекенділердің және бауырымен жорғалаушылардың көптеген түрлері мекендейді.

Мехико қаласы

өңдеу
 
Толық мақаласы: Мехико

Мехико қаласы — әлемдегі ең ірі және көне қалалардың бірі. Ол Мексика орталығындағы Мехико алқабында орналасқан. Қала, тарихи ескерткіштермен, тамаша мәдени туындыларымен және жыл бойы өзгнрмейтін климатымен мақтана алалады. 1500 жылға дейін Мехико ацтектердің астанасы болған. Кейін ол испан басқыншылардың қармағына өтті.

Мәдениеті

өңдеу

Мексика мәдениеті әлемдегі таңғаларлық тамаша мәдениет үлгісіне жатады. Ұлттық аңыз-әнгімелерден сусындаған дәстүр, әртесттік міне-құлық пен испан мәдениетінің ықпалы қосыла келіп, біргей мәдени мұраларды өмірге әкелді. Ата-баба мұрасын ерекше мұра ететін мексикалықтар ұлттық салт-дәстүрді сақтап қалуға айырықша көңіл бөледі. Қазіргі мексика музыка өнерінен ежелгі ацтектердің драмасы мен би үлгілерін тауып алу қиын емес. Сондай-ақ Майя дәстүрі де - Мексика үшін қастерлі аманат.

Мексика асханасы

өңдеу
 
Энчилата

Дәстүрлі Мексика мәзірі өткір иісті ыстық тағамдардың батыл қоспасын ұсынады. Олар тағамға барлық асқа дәмдеуіштердің түр-түрін қосады, және тағамды көрер көзге тартымды етіп безендіреді. Мексикада тағам мәзірі өте көп. Олардың дайын тағамдары дәрумендерге, протеин мен миниралдарға бай. Испан әскерлері Мексиканы жаулап алған кезде жергілікті халықтың негізгі азығы - жүгері мен бұрыш қосылған тағам екенін байқаған.

Дереккөздер

өңдеу
  1. Indicadores demográficos de México de 1950 a 2050 (Spanish). Consejo Nacional de Población. Тексерілді, 3 сәуір 2019.
  2. a b c d Mexico. International Monetary Fund. Тексерілді, 12 мамыр 2017.
  3. Human Development Report 2018 – "Human Development Indices and Indicators" 23. HDRO (Human Development Report Office) United Nations Development Programme. Тексерілді, 14 қыркүйек 2018.
  4. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
  5. World Gazetteer
  6. City Population - Statistics & Maps of the Major Cities, Agglomerations & Administrative Divisions for all Countries of the World