Тұсқағаз, кейде "түсқағаз" — біркелкі немесе түрлі түсті фонға бояу яғни бедерлі баспа тәсілімен салынған алуан түрлі өрнегі бар қағаз текті әрлеу материалы. Сәндік тұсқағаздың өрнекті беті ағаш текстурасына, маталардың, металдардың және басқа да материалдардың түсіне ұқсас келуі ықтимал. Қағаздағы өрнектер табиғи гүлдер, өсімдіктер түрінде, алуан түрлі нақыш-оюлар қалпында, торкөзді, ұсақ сурет формасында құралып, тұтас бір фон жасайды. Қалың қағаздан бедерлі баспа тәсілімен «жібекке», металға немесе сәтенге ұқсас жасалған әрі пленка қабаты бар жоғары сапалы тұсқағаздар кез келген қабырғаға әсем әр беріп, бөлме еңсесін көтере түседі. Жапсырма қағаздың кейбір түрлері (мысалы, жуылатын) ылғалға төзімді болады, оларды дымқыл шүберекпен сүрткенде беті бүлінбейді. Пленка қабаты бар тұсқағаздар суға және кір алғыш ерітінділерге мейлінше төзімді келеді.

Бөлме тұсқағаздары
Тұсқағаздармен қапталған бөлме

Түсқағаздарды таңдау

өңдеу

Бөлмелерді әрлеу кезінде олардың неге арналатындығын, аумағы мен көлемін және биіктігін ескеру қажет. Көлемі 9—12 м2 болатын шағын бөлмелерге тор түріндегі майда көмескі өрнегі бар, ашық түсті тұсқағаздар лайықты. Қабырғаларды бұлайша әрлеу бөлмені біршама кеңейтіп көрсетеді. Егер бөлменің аумағы 15—20м2 болса, оның қабырғасын әрлеу үшін түстері бір-біріне жақын, өрнектері ірілеу тұсқағазды пайдалануға болады. Биіктігі 2,5 және 2,7 м бөлмелер көзге биік болып көрінуі үшін, өрнектері тігінен әрі айқын көрінетін тұсқағаздарды қолданған жөн. Төбесі биік болғанымен аумағы шағын бөлмелер үшін өрнектері көлденең орналасқан тұсқағаздарды пайдаланған тиімді, өйткені ол бөлмені біршама аласартып көрсетеді. Тұсқағаздарды таңдаған кезде терезелердің қай жаққа қарағанын да ескерген жөн. Егер терезелер солтүстікке қарайтын болса, қызғылтым ашық түсті — ақ сары, қызыл, сары және т. б. тұсқағаздар ұсынылады. Ал терезелері оңтүстікке қарайтын бөлмелерге көкшілтім солғын түсті — көгілдір-сұр, көгілдір-жасыл, жасыл-сұр т. б. тұсқағаздар қолайлы. Оңтүстік аудандарда негізінен қоңырқай түсті, шақырайған күн сәулесін сіңіріп алатыңдай көк, көкшіл, күңгірт, қоңыр-қызғылт түсті тұсқағаздарды пайдаланған дұрыс. Күн сәулесі жеткілікті түспейтін бөлмелер үшін тұсқағаздарды ашық түстен (ақшыл-сары, қызғылтым, көгілдір-сары) таңдаған жөн, өйткені бұл түстер күн сәулесін жақсы шағылыстырады және бөлменің жарық болуын қамтамасыз етеді. Тұсқағаздардың түсі мен өрнегі жиһаздардың реңіне сәйкес келуі тиіс, мәселен, ашық түсті жиһаз үшін тым күңгірт, ал күңгірт жиһаз үшін, керісінше тым ашық түстілерін таңдауға болмайды. Егер үйдегі жиһаз матасының өрнегі, перделер суретті болып келсе, онда бір тегіс немесе солғын өрнекті торкөз тұсқағаздарды іріктеп алған жөн. Биіктігі 2,5—3 м бөлмелердегі тұсқағаздарды жиектеуге арналған көмкермелердің ені шағын (2—4 см) болуы тиіс. Сатуға түсетін көмкермелердің ені 50 см-ге дейін болады және біркелкі жолақ өрнекті келеді, сондықтан оларды жіңішке олақтарға тіліп, бөлу керек. Түсі біркелкі және торкөз тұсқағаздар үшін әдіпті сол түстен, бірақ неғұрлым ашықтауларынан таңдайды. Мәселен, жалтыр-сары тұсқағаздарды ашық-күрең түсті жіңішке қағазбен әдіптеуге болады.[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9