Қадір түні

Рамаданмен байланысты қасиетті түн

Қадір түні (араб.: لَيْلَةِ الْقَدْرِ‎ — Ләйләт-ул-Қадір) — Ислам дініндегі қасиетті түн. Ораза (Рамазан) айының соңғы он күнінің бірінде болады. Бұл түн туралы Құран Кәрімнің «Қадір сүресінде» айтылған. Бес аяттан тұратын сүреде Құранның Қадір түнінде түсірілгендігі, оның мың айдан қайырлы екендігі, бұл түнде Жәбірейіл періште Алла әмірімен жер бетіне түсіп, адамдарға қызмет ететіндігі және таңға дейін тыныштық болатындығы айтылады. Қадір түні періштелер мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болады. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады. Кейбір риуаяттарға қарағанда Қадір түні. Рамазан айының 27-ші түні, дегенмен Қадір түнінің дәл қай түн екені белгісіз. Сондықтан тақуа кісілер Ораза айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізеді.[1]

Қадір түні
Түрі Ислам
Ресми Әл-Қадра
басқаша Қадір түні
Мағынасы Күнәләрді шаю үшін дұға қылу
Белгіленген Мұхаммед пайғамбар (صلى الله عليه وسلم)
Тойланады Мұсылмандар
Дата Рамаданның 27-нен
Мейрамдау Мешіт
Дәстүрлер Мешітте дұға қылу, «Ид мүбәрак» сәлемдесу.
Байланыстылық Рамаданмен

Қадір түні — бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше қасиетті түн. Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз» және «өлшем» деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар бұл сөз «құдырет» мағынаны да қамтиды.

Қадір түнінің қасиетін жұмыр басты пенде өз ақылымен біле алмайды. Сондықтан оның қадір-қасиетін Жаратушымыздың өзі «Қадір» сүресінде: «1. Біз Оны (Құранды) қадір түні түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? 3. Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5. (әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады», — деп баяндайды.

Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Аллаһ Қадір түнін үмбетіме сый ретінде тарту етті, бұл бұрынғы үмбеттерге берілмеген» деп, бұл сыйдың қадірін білуге шақырады. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім сауабын тек қана Аллаһтан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, күнәлары кешіріледі», — дейді. Сондықтан мүмкіндігінше, әрбір пенде Қадір түнінде берілетін сыйдан мақұрым қалмауға тырысуы керек. Ол түнді бос өткізбей, дәрет алып, екі бас болса да намаз оқып, Аллаһ Тағаланың шексіз мейірімінен шын жүректен сұрап, дұға еткен жөн.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді», — деген.

Тағы бір хадисте: «Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады», — деген.

Қадір түні Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) үмбетіне деген терең сүйіспеншілігінен туындаған дұғасының құрметі үшін қабыл болған. Имам Маликтің «Муатта» атты еңбегінде риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) алдыңғы үмбеттердің өмірлері көрсетілгендігі айтылған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) сол сәт: «Ұзақ өмір сүрген осы үмбеттер жасай алмайтындай амалдарды менің үмбетіме аз уақыт жасай алуды нәсіп ете гөр», деп дұға жасағанда, Аллаһ Тағаланың мың айдан қайырлы осы Қадір түнін нәсіп еткендігі баяндалған. (Қадір түні мың айға тең деп Құранда айтылған бұл сан есеп бойынша 83 жыл, 4 айға тең келеді).

Бірде Айша анамыз Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Уа, Аллаһтың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем қандай дұға оқиын?», — деп сұрағанда, Ол: «Аллаһумма, иннәкә афуун, тұхиббул афуа, фаафу анни» (Уа Аллаһ! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!), деп дұға ету керектігін үйреткен.

Қияметте Аллаһ Тағала хикметімен емес құдіретімен амал етеді. Сол сияқты Қадір түнінде де Аллаһ Тағаланың құдіреті үстем болады. Ол түннің қадірін білгендерге Аллаһтың мейірімі мен берекесі жауады, ал одан құр қалмау адамның рухани сергектігіне байланысты.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) үйреткендей, мұсылман баласы әрбір ісіне өзіне берілген ең соңғы мүмкіндік секілді қарай білуі керек. Сол себепті Қадір түнін енді көрем бе, көрмеймін бе, дегендей өте бір мұқияттылықпен өткізгені жөн.

Құдыреті шексіз Раббымыз үмбетіне рақымдылық қалағандықтан, Қадір түні Рамазан айының қай түні екенін ашық айтпаған. Бұл сынақ әлемінде мүміндер ұдайы Аллаһтың разылығын іздеп, құлшылық жасасын деген мақсатпен Жаратқан иеміз бұдан да басқа өте маңызды нәрселерді құпия қылған. Мәселен, өмірдегі ажал белгісіз, адамдар арасындағы әулиелер белгісіз, көркем есімдерінің арасында Аллаһтың ұлық есімдері белгісіз, жұма күнгі дұғаның қабыл болатын уақыты белгісіз, күллі құлшылықтың ішінде Аллаһтың разылығы қайсысында екені, дәуірлердің ішінде қияметтің қашан екені, Рамазан айында Қадір түнінің қай түн екені белгісіз. Сонымен қатар Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бұл түннің Рамазанның соңғы он не жеті күніндегі (21, 23, 25, 27) тақ күндердің бірінде екенін айтқан. Алайда ислам ғұламаларының көпшілігі оның 27-інші түн екендігін мақұлдаған әрі бүкіл мұсылман әлемі бұны осылайша қабылдаған. Әрине бүкіл жұртшылық осылай сеніп, осылай қабыл еткен болса, Аллаһ Тағала да миллиондаған құлдарының ниетін қабыл етіп, ол түнді шын мәнісіндегі қадір түні етер, иншаллаһ.

Арабшадағы «Қадр» сөзі қадірін білу деген мағынаны да қамтиды. Олай болса, қадірім артсын десеңіз, бұл түннің қадірін біліңіз. Бұл түні таң ағарып атқанға дейін Аллаһ Тағаланың мейірімі төгіліп тұрады.

Дереккөздер

өңдеу
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, I том