Хакастар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Хақастар бетінен бағытталды)
Навигацияға өту Іздеуге өту
Хакастар
Бүкіл халықтың саны

75 000

Ең көп таралған аймақтар
 Ресей

75 000 (2010)

 Қытай

1 200

Тілдері

хакас тілі

Діні

шаманизм,православие

Этникалық топтары

қырғыздар,шорлар,телеутлер,алтайлар

Хакастар (өзд.атауы-тадар, хоорай; ескір. минусин және абакан татарлары немесе түріктер) — Ресей Федерациясы құрамындағы Хакасия Республикасының жергілікті тұрғындары. Хакасия, Тыва және Красноярск өлкелерінде де тұрады. Жалпы саны 81 мың адам (2003).

Антропол. жағынан оңт. сібір (тұран) нәсіліне жатады. Түркі тобындағы хакас тілінде сөйлейді, үш диалектісі сақталған. Жазуы кириллицаға негізделген. Хакас тілі – Хакасия Республикасының мемлекеттік тілі (Конституция 1995; Тілдер туралы заң 1992). Хакас тілінің жазуы сагай және качин диалектілерінің негізінде құрылған, 1924–1929 жылдары орыс (кириллица) графикасы қолданған, 1929–1939 жылдары латын әліпбиіне, 1939 жылдан бастап қайтадан орыс (кириллица) графикалық негізіне аударылған. Хакас тілі төрт диалектіге бөлінеді: качин, сагай, кызыл және шор.

Христиан дінінің православие тармағын тұтынады. Дəстүрлі діні – шамандық. XIX ғасырда көптеген хақас шоқындырылып, православиеге енгізілді.

Хакастар. ХХ-ғасыр

Хакастар этногенезінде түрік (енисейлік қырғыздар, телеуттер, т.б.), кет (ариндер, кталар, т.б.), самодий (маторлар, комасиндер, т.б.) құрауыштары өзіндік рөл атқарған. Хакастар-дың 17 ғ-ға дейінгі тарихы аз зерттелген. Олар ерте заманда аңшылықпен және мал шаруашылығымен айналысқан. Орта ғасырларда Енисей қырғыздарының құрамында болды.[1]

1209 ж. Шыңғыс ханға, кейіннен ойраттарға бағынды. Бір бөлігі Тянь-Шань өңіріне қоныс аударып, қырғыз халқының қалыптасуына ұйтқы болды. 17 — 18 ғ-ларда Хакастар Минусин қазаншұңқырын бірнеше шағын ұлыс болып мекендеген. 18 ғ-да оларды Ресей өз құрамына қосып алды. Нәтижесінде Хакастар дәстүрлі дінін (бақсылық, аруаққа табыну, т.б.), ұлттық тілін, ру-тайпалық бөлінісін жоғалта бастады. Қазан төңкерісіне дейін Хакастарды минусиндік және абакандық “татарлар” немесе “түріктер” деп те атаған.

Хакастар жартылай көшпелі мал шаруашылығы, аңшылық және егіншілік кәсібімен айналысқан, сонымен қатар құс өсірген. Әйелдер қой терісінен киім, аяқ киім тіккен. Киіз басумен де айналысқан. Сиыр, жылқы терісінен ыдыс-аяқ, сандық, сауыт-сайман жасалған. Одан кілемдер, киіз үйдің төсек-орындары жасалды.

Хакастар балық аулаумен айналыса бастады. Өйткені, олар өмір сүрген өңір өзен-көл балығына бай болған. Бұл хакастардың көмекші кәсібінің бір түрі болды. Күзгі-көктемгі маусымда балықтарды үлкен торларды пайдаланып, топ-топ болып аулайтын. Хакас әйелдері тоқымашылықпен айналысқан.

Хакастар 10-15 тұрғын үйден тұратын ауылдар құрады. Оларды аалдар деп атаған. Көбінесе олар туысқан отбасылар болды. Киіз үй хакастардың дәстүрлі баспанасы болып саналады. Ғимараттар кең, конус тәрізді үлкен шатырмен жасалды.

Киімдерін аң, мал терілерінен тіккен. Әйелдері ұзын тон, шапан, жағалы ұзын көйлек, т.б. киімдер киген. Әр түрлі әшекейлер, (алқа, т.б.) таққан. Қолөнерінде ұсталық кәсіп, зергерлік дамыған. Көп жағдайда тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, малға, т.б. бағалы заттарға айырбастап отырған. Өз фольклоры сақталған. Қазіргі таңда ассимиляцияға ұшырағанына қарамастан, бұрынғы жосын-жоралғыларын, салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға ұмтылуда.

Ерлерге арналған күнделікті киім көйлек пен шалбардан тұрды. Көйлектің үлкен жағасы, тар манжеттермен аяқталатын бос жеңдері болды. Үстіне матадан немесе жібектен жасалған халат (мерекелік) киеді, ол кең түсті белбеумен буылған. Бастарына цилиндр пішінді бас киім киді. Әйелдердің ұлттық киімдері әдемілігімен, сымбаттылығымен ерекшеленеді. Әйелдер гардеробының негізгі бөлшектері - етегі ұзын көйлек. Көйлектер дәстүрлі түрде ашық түсті маталардан тігіледі. Үстіне жеңсіз күртеше киеді, ол кестелермен, өрнектермен безендірілген. Сыртқы киімдері - кафтан немесе тон. Мереке күндері әйелдер ұлттық әшекей - пого киеді. Бұл моншақтармен, маржандармен, інжу-маржан декорымен кестеленген көкірекше.

Хакас тағамдары алуан түрлі және нәрлі. Оның негізін үй жануарларының еті, сүт өнімдері, балық, орман өнімдері құрайды. Етті кептіріп шұжық жасады. Хакастардың қой етінен, жылқы етінен, жабайы аңнан жасалған дәмді тағамдары көп. Мал сойылған соң – ысты тағамын дайындайды (қабырғаларды, омыртқаны, жауырындарды, майды, бауырды, жүректі алып, олардан жиынтық жасау). Сиыр, қой сүтінің негізінде қаймақ, сүзбе, май, ірімшіктердің алуан түрлері жасалады. Гарнир ретінде картоп, тамыр дақылдары мен арпа қолданылады. Жидектер, жаңғақтар, бал десерттер жасау үшін қолданылады. Сусын ретінде айран, қымыз, шөп шайлары қолданылады.

Қазақстандағы хакастар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстанның хакас диаспорасы санының жалпы динамикасы мынадай:

  • 401 (1970 ж.),
  • 475 (1979 ж.),
  • 575 (1989 ж.),
  • 355 (1999 ж.)
  • 233 (2013 ж. адам.[2]

1989 жылы КСРО халық санағының материалдарын өңдеу нәтижесінде алынған қосымша статистикалық мәліметтер бойынша хакастардың 76,7%-ы өз ұлтының тілін ана тілі деп санайды, алайда олардың тек 2,9%-ы ғана хакас тілін еркін меңгерген; 23,1%-ы орыс тілін ана тілі деп санайды, бірақ олардың 67,3%-ы орыс тілін еркін меңгерген. Тек өз этносының тілінде сөйлейтін біртілділер Ресей Федерациясының хакастарының 8,9%-ын құрайды. 1999 жылғы санақ бойынша Қазақстан хакастарының қостілділік дәрежесі мынадай түрде анықталды: біртілділер – 169 адам (47,6%), қостілділер – 186 адам (52,4%).[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том
  2. Қазақстан халқы. Энциклопедия. /Бас.ред. Ж.Н.Тойбаева. /Құраст.Ғ.Жандыбаев., Г.Егеубаева.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2016. 427-бет ISBN 978-601-7472-88-7
  3. Э.Д. Сүлейменова, Д.Х.Ақанова, Н.Ж.Шаймерденова «Қазақстан тілдері: әлеуметтік лингвистика анықтамалығы»: Кітап.–Алматы: «Издательство Золотая Книга» ЖШС, 2020 ж. 196-бет.